СҚО-да 170 студент Аризона университетінің бағдарламасымен білім алады
Бұл туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов Президентпен кездесуден кейін берген сұхбатында айтты.
«Мемлекет басшысының алдында Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасадым. Жалпы облыстың экономика саласында өсім қамтамасыз етілді. Дәл осындай өсім жылдың аяғына дейін қамтамасыз етіледі. Былтырғымен салыстырғанда жалақы 22 процент, зейнетақы қоры 25,5 процент, салық түсімі 36 процент өсті», - деді аймақ басшысы.
Айтуынша, Солтүстік Қазақстан – өңірлер арасында ең көп тауарлы сүт фермалары салынып жатқан облыс.
«Былтыр 10 ферманың құрылысы бітсе, бұл жылдың аяғына дейін 8 жаңа тауарлы сүт фермасын іске қосып, жұмыс істеткіземіз. Биыл қосымша 9 ферманың құрылысы басталып, келесі жылы бітуі керек.
Өнеркәсіп саласында да өсім бар. Бүкіл зауыттар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Президентке халықты сумен, жолмен қамтамасыз ету көрсеткіштері туралы да мәлімет бердім. Жылдың аяғына дейін өңірдің таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі 84 процентке, жолмен қамтамасыз ету 81 процеткен дейін жетеді.
Жергілікті мемлекеттік университет пен АҚШ-тың Аризона университетінің қарым-қатынасы туралы да ақпарат берілді. Биыл бұл жоба да басталды. Бірінші курсқа 170 студент қабылданды. Ол студенттер халықаралық бағдарламамен оқиды», - деді Құмар Ақсақалов.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімін қабылдады.