СҚО-да 185 мектеп террористік тұрғыдан осал нысандарға жатады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс атқарылып жатыр. 1 қыркүйекке дейін барлық нысанға мамандандырылған күзет қойылып, камералар Жедел басқару орталығына қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Білім басқармасының мәліметінше, өңірде жаңа оқу жылында 465 мектеп жұмыс істейді. Бұдан бөлек 24 колледж есігін айқара ашады. Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымы 100% бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық нысандарда талаптарға сәйкес дабыл түймесі бар.
«Террористік тұрғыдан осал нысандар қатарына 366-сы жатады. Оның 1-тобына – 185 мектеп, 1 балабақша, 2 колледж; 2-тобына – 58 мектеп, 15 балабақша, 6 колледж, 1 қосымша білім беру ұйымы; 3-топқа – 50 мектеп, 36 балабақша, 10 колледж, 2 қосымша білім беру ұйымы жатады.
Талап бойынша Жедел басқару орталығына 2 және 3-інші топтағы 178 нысан қосылуы тиіс, бүгінде 165-і немесе 92,7% қосылды.
1 қыркүйекке дейін барлық білім беру нысаны қосылады, тек Айыртау ауданы Имантау орта мектебінің техникалық мүмкіндігі жоқ», - дейді басқарманың басшысы Нәзір Жәшібеков.
Мамандандырылған күзет әзірге 3-топтың 37 нысанында – 37,8% ғана бар. Жаңа оқу жылына дейін 3-топтың барлық мемлекеттік объектілерінде болады. Осы мақсатқа 391 млн теңге бөлінді.
Кіруді бақылау және басқару жүйесі 3-топқа жататын барлық мемлекеттік ұйымдарда болады, әзірге 42,8% ғана бар. Жүзеге асыруға 214,2 млн теңге жұмсалмақ.
Жалпы биыл террористік тұрғыдан осал нысандарда қауіпсіздікті нығайтуға 677,2 млн теңге қарастырылған.