СҚО-да 2 ауыл тұрғыны біреудің көлігін айдап әкетіп, дүкен тонады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында біреудің көлігін мініп кетіп, кейін ауыл дүкенін тонады деген күдікпен Жамбыл ауданының екі тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Жамбыл ауданында болған. 20 тамыз күні патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Мамлютка-Қостанай» тас жолының Новорыбинка және Миролюбово елдімекендерінің арасындағы жол жырасына түсіп кеткен «ВАЗ-2107» маркалы автокөлікті көреді.


Көліктің қасында 65 жастағы иесі болған. Қария аудан орталығы Пресновкадан шығар жолда көлігіне екі жолаушы алған. Жолда олар оған шабуыл жасаған. Қаскөйлер ауыл тұрғынына қоқан-лоқы көрсетіп, көліктің кілті мен телефонын алып қойған. Бірақ қарияны көлікте қалдырған. Шабуыл жасағандардың бірі рөлге отырып, көлікті басқара алмай жолдан шығып кеткен. Көлік иесін машинаның қасында қалдырып, өздері өтіп бара жатқан көлікпен кетіп қалған.


Көп ұзамай полицияның кезекші бөліміне Кладбинка елдімекеніндегі дүкенге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түседі. Белгісіз екеу күш қолданып, 47 жастағы сатушыға шабуыл жасаған. Кассадан 44 400 теңгені алып, ізін суытқан.


Жамбыл аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дабыл бойынша қылмыскерлерді іздеуге жұмылдырылды. Бекеттер қойылып, ауыл бақылауға алынды. Іздестіру барысында қылмысқа күдіктілер ауыл шетінен спирттік ішімдік ішіп отырған жерінен табылды.

Аталған фактілер Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 1985 жылы және 1992 жылы туған екеу бұрын түрлі қылмыс жасағаны үшін сотталған екен.

Күдіктілер қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар