СҚО-да 2 мыңға жуық жас мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмысшы мамандықтарға оқып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жұмысшы мамандықтарға оқытатын 13 колледж жұмыс істейді.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, өңірде жалпы 24 колледж болса, соның бесеуі – жекеменшік. Мамандықтар өңір экономикасының 11 негізгі саласын: ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қызмет көрсету саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді қамтыған. Жалпы 67 мамандық және 105 біліктілік бойынша оқытылады.
- Колледждерді бітіріп, мамандық алып шыққан жастардың жұмысқа орналасуын талдайтын болсақ, жалпы құрылыс жұмыстарының шеберлері - 88%, техник-электриктер - 86%, ауыл шаруашылығы жабдықтарының слесарь-жөндеушілері - 86%, аспаздар - 81%, омарташылар 80% жұмысқа орналасты, - дейді басқарма басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Жас мамандар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін облыста дуалды оқыту қолға алынған. Бұл жүйе 21 колледжде 30 мамандық бойынша енгізілді, 342 серіктес кәсіпорынмен келісім бар. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын 2406 студент немесе 25% қамтылған.
- Колледждер мен серіктес кәсіпорындар арасында барлығы 1,1 мыңнан астам шарт бар. Кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден 2347 студент өтті, оның ішінде 996 адам немесе 42% еңбекақы алды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін облыстың 17 колледжі облыстың 17 ірі кәсіпорнымен меморандумдарға қол қойды, бұл еңбек нарығын сұранысқа ие кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.
10 ауылдық колледжде ауыл шаруашылығы саласы мамандары үшін дуалды оқыту енгізілді. Өндірістік тәжірибеден өту кезінде әлеуметтік әріптестер студенттерді жұмыс орындарына көлікпен жеткізіп, арнайы киіммен, ыстық тамақпен қамтамасыз етті, - дейді Айнагүл Сұрағанова.
Колледждерді қаржыландыруға былтыр 10 482,9 млн теңге бөлінсе, биыл осы мақсатқа 13 248,3 млн теңге жоспарланған. Биыл сондай-ақ жұмысшы кадрлерді әзірлеуге мемлекеттік тапсырысты 39%-тен 45% дейін ұлғайтылмақ.
Қазір СҚО колледждерінде 11 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 9,5 мыңы немесе 85% мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр.
Бұған дейін СҚО-да 150 мың адамның жәрдемақысы мен зейнетақысы өскенін жазған едік.