СҚО-да 200-ден астам су айдынында су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Бұл жұмыс Солтүстік Қазақстан облысындағы өзен-көлдің ластануын, бітелуін және сарқылуын болдырмау мақсатында қолға алынды.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 19 ақпанда облыс әкімдігінің №41 қаулысына сәйкес Есіл бассейніне қарайтын маңызды 109 су нысаны қамтылды. Олардың ішінде өңірдің басты су артериясы - Есіл өзені және екі ірі саласы - Ақанбұрлық және Иманбұрлық, Кіші Жембарақ, Мұқыр, Аралтөбе, Қамысақты, Шарық, Бабыбұрлық, Битеке, Шағалалы өзендерінде, сондай-ақ Шарық су қоймасында, Шудасай, Шат, Құланайғыр, Семізбай өзендерінің учаскелері бар. Сондай-ақ 91 көлде су қорғау аймақтары, белдеулері және шаруашылыққа пайдаланудың шектеулі режимі енгізілді.

с
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Су қорғау аймақтарының белгіленуі туралы тұрғындарға ескерту жасау және қорғау талаптарын түсіндіру мақсатында өңірдегі су нысандарының бойына 720 арнайы белгі орнатылды. Оның ішінде 550 белгі Есіл өзенінің жағалауына қойылса, Ақанбұрлық пен Иманбұрлық өзендеріне 64 белгі, ал 62 көлдің аумағына 106 белгі орналастырылды.

Мамандардың айтуынша, табиғатты қорғау тек заңмен немесе белгілермен шектелмейді. Табиғатты қорғаудың ең тиімді жолы – әр адамның жауапкершілігі. Бір бөтелкені немесе полиэтилен пакетті су жағасына тастамаудың өзі өзен мен көлдерді сақтауға көмектеседі.

с
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Жыл сайын облыста өзен-көл жағалауларын тазарту бойынша экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Бұл бастамаға жоғары оқу орындарының студенттері, жастар ұйымдарының мүшелері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері белсенді қатысады. Олар жағалауларды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жатыр.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы су ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесін көтергенін жазған едік.