СҚО-да 21 мыңнан астам адамның салық бойынша қарызы кешіріледі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 21 мыңнан астам адам салықтық рақымшылыққа ілігіп, олардың қарызының бір бөлігі кешіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мемлекет басшысының салықтық рақымшылық туралы Жарлығына сәйкес, ел тұрғындарының 2019 жылдың 1-қаңтарына дейінгі салықтары бойынша өсімақылары есептен шығарылады. 13-тамыздан бастап өсімақы сомасын Есептен шығару ережелері қолданысқа енгізілді.

СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, акция жыл соңына дейін жүзеге асады. Салық бойынша қарызы бар кез-келген қазақстандықтың өсімпұлы есептен шығарылады.

Қазіргі уақытта 21 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезең үшін салық бойынша берешегі бар. Жалпы берешек - 449,2 млн теңге. Оның 340,9 млн теңгесі негізгі қарыз болса, өсім - 108,3 млн теңгені құрайды. Есептен шығаруға жататын өсімпұлдың сомасы да осы 108,3 млн теңге.

Бюджетке берешек жеке тұлғалардың басым бөлігі, яғни 92,8% көлік салығын уақтылы төлемеген автокөлік иелері. Олардың жалпы қарызы - 416,8 млн теңге.

Алайда акцияға қатысып, өсімпұлды есептен шығару үшін алдымен негізгі борышты өтеу қажет. Негізгі және жалғыз талап – осы.

Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың жеке шоттарына мониторинг жүргізуде. Олар негізгі қарызды төлеген жағдайда 3 жұмыс күні ішінде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарылады. Салық төлеушілерге ол үшін бір жерге бару қажеті жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 1 қаңтарында салық бойынша борыш 1,4 млн-ға жуық қазақстандықта болған. Берешектің жалпы сомасы 20,9 млрд теңге. Оның 6,6 млрд теңгесі – өсімақы.

Қарыз туралы ҚР ҚМ МКК www.kgd.gov.kz сайтында «Салық берешегінің жоқ/бар екендігі туралы мәліметтер» бөлімінен білуге болады.

Соңғы жаңалықтар