СҚО-да 22 мың га орманды алқапты жібек көбелегі зақымдаған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында қауіпті карантиндік зиянкес — жұпсыз жібек көбелегінің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін химиялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, былтыр жаз мезгілінде орманшылар өңірдің 6 ауданындағы орман алқаптарында ағаш діңдерінен жұпсыз жібек көбелегінің жұмыртқаларын және зиянкестердің жаңа ошақтарының пайда болғанын байқаған. Осыған байланысты мамандар Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар, Айыртау және Шал ақын аудандарының орман алқаптарында қосымша орман-патологиялық тексеру жүргізіп, зиянкестердің қыстан кейінгі өміршеңдігін және зақымданған аумақтың көлемін анықтады.
Тексеру қорытындысы бойынша облыста жалпы аумағы 22,3 мың гектардан асатын орман алқабын жібек көбелегі зақымданғаны белгілі болды. Ең үлкен ошақ Қызылжар ауданындағы Қызылжар және Соколов орман шаруашылықтарында, сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Преснов орман шаруашылығында тіркелген.
Мамандар зиянкестің таралу деңгейін жан-жақты саралап, онымен күресудің тиімді тәсілі ретінде химиялық өңдеуді ұсынды. Ал мамыр-маусым айларында орман алқаптарын арнайы препаратпен өңдеу басталды.
— Өңдеу жұмыстары «Децис Эксперт» препаратымен жүргізіліп жатыр. Препарат жанасу және қоректену арқылы әсер етеді, бұл жұлдызқұрттарды қысқа уақыт ішінде жоюға мүмкіндік береді. Препарат әсіресе жұлдызқұрттардың жаппай пайда болу — мамыр-маусым айларында, белсенді қоректену кезеңінде тиімді нәтиже береді, — дейді мамандар.
Өңдеу жұмыстары жүргізілген кезеңде және одан кейін белгілі бір уақыт аралығында мал жаюға, саңырауқұлақтар мен жидектер теруге, сондай-ақ ағаш шырынын дайындауға тыйым салынады. Сонымен қатар омарташылар да қауіпсіздік шараларын қолдануы қажет.
Мамандардың айтуынша, жұпсыз жібек көбелегі әсіресе қайың-теректің жапырағына әуес. Дер кезінде шара қолданылмаса, құрт жеген ағаш өсуін тоқтатып, шіріп кетеді.
Бұған дейін жібек көбелегі Ертіс орманына қауіп төндіргенін жазған едік.