СҚО-да 28 гектар аумақта жаңа орман тәлімбағы құрылмақ
СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жылды қорытындылап, осы жылдың жоспарымен бөлісті.
Ведомство басшысы Бейбіт Исмановтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта орманды алқаптардың аумағын арттыру міндеті тұр. 2021-2025 жылдар аралығында 20 мың га алқапқа 100 млн көшет отырғызылуы тиіс.
«Екі жылда орман мекемелері қажетті көшет алу үшін орман тәлімбақтарының аумағын кеңейтті. Тұқым жинап, тал егетін орындарды анықтады, материалдық-техникалық базаны нығайтты.
2021 жылы 3,56 млн дана көшет 869 га аумаққа отырғызылды. Былтыр егілетін аумақ екі есеге артып, 6,9 млн көшет орналастырылды. Биыл атқарылатын жұмыс үш есе артпақ. 4100 га аумаққа 23,1 млн көшет отырғызу міндеті тұр», - дейді Бейбіт Исманов.
Отырғызатын қажетті материалмен өңірді қамту үшін Есіл ауданы Явленка елді мекенінің маңынан орман тәлімбағы құрылмақ. Бұл мақсатқа 28 га жер бөлінбекші. Ал қажетті техника, қондырғымен, электр қуатымен қамту үшін және жұмысшыларды алуға 284 млн теңге қаржы керек.
«Елімізде 2 млрд ағаштың отырғызылуын бақылау мақсатында цифрлық мониторинг жүргізіледі. Ол үшін республикалық интерактивті карта жасалған. Ол «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геоақпараттық жүйесіне негізделді», - дейді Бейбіт Исманов.