СҚО-да 28 жыл халықаралық іздеуде болған тәжікстандық ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары қарақшылық үшін 1992 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да 28 жыл халықаралық іздеуде болған тәжікстандық ұсталды

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қыста тұрақты мекенжайы жоқ тұлғаларды тауып, анықтауға басымдық береді. Оларды күннің суығында үсіп кетуден аман алып қалу үшін қабылдап-тарату мекемесінің мамандары күнделікті рейд жүргізіп, қаңғыбастар жиі шоғырланатын жылу трассаларын, жертөлелер мен шатырларды, кәріз құдықтары мен ескі ғимараттарды аралайды.

«Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың басым бөлігі маскүнемдікке салынғандар. Біздің міндетіміз олардың күн суықта үсіп кетуіне жол бермеу. Бұл санаттағы адамдар үшін облыс орталығында әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы қабылдап-тарату орны бастығының міндетін атқарушы Павел Ющенко.

Осындай рейдтердің бірінде бұған дейін «қарақшылық шабуыл жасауы мүмкін» деген күдікпен 1992 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Тәжікстан азаматы қолға түсті.

Жыл басынан полицейлер үйсіз-күйсіз жүрген 480 адамды анықтап, қабылдап-тарату орнына жеткізген. Олардың құжаттары тексеріледі, болмаған жағдайда мәліметтері «Образ++» атты автоматтандырылған базаға енгізіледі. Былтыр осындай жұмыстардың нәтижесінде іздеуде жүрген 10 қылмыскер қолға түсті.