СҚО-да 289 га алқапқа тал отырғызылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жасыл белдеуді ұлғайту мақсатында биыл 850 га аумаққа тал отырғызу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да 289 га алқапқа тал отырғызылып жатыр

СҚО Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың айтуынша, өңірде жасыл белдеуді ұлғайту бойынша іс-шара көктемде қолға алынды.

«Облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында ормандарды молықтыру және орман өсіру алаңын кезең-кезеңімен ұлғайту мақсатында биыл 850 га аумаққа ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемде 561 га алқапта бұл жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта 289 га жерге тал егу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді Азамат Бектасов.

Мемлекеттік орман қорын молайту Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сай қолға алынған.

«Мемлекет басшысы былтыр 2 млрд ағаш отырғызу межесін қойды. 2020 жылғы қарашада 2021-2025 жылдарға Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың өңірлік жоспары әзірленді және бекітілді. Келер жылы 850 га, 2023 жылы 900 га, 2024 жылы – 1000 га ағаш отырғызылады. Биыл 97 200 түп егілуі керек болса, соның 89 мыңнан астамы отырғызылды», - дейді басқарма басшысы.

Келесі жылы 100 700 түп ағашты отырғызуға 579 025 мың теңге жұмсалмақ.

Бұған дейін Петропавлдағы экологиялық мәселе – қатты қалдықтар полигонының жағдайы туралы айтқан едік.