СҚО-да 3 жасар бала терезеден құлап кетті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр үш бала терезеден құлап кетсе, биыл бір бала ауыр жарақат алды.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің айтуынша, жыл басынан бері республика бойынша осындай 60 жағдай болды, оның ішінде жасы 2-13 аралығындағы 5 бала оқиға орнында көз жұмды. Қалған 55 бала түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. 2024 жылы 196 факт тіркелді.
– Балалардың терезеден құлап кету оқиғалары – балалар жарақаттануы мен өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Әсіресе көктем-жаз мезгілдерінде, балалар жазғы демалысқа шыққан уақытта, мұндай жағдайлардың саны күрт артады.
28 сәуір күні Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка ауылында ата-анасының қарауынсыз қалған 3 жасар бала бірінші қабаттағы терезеден құлап кеткен. Бала ашық бас-ми жарақаты, бас сүйегінің сынуы, ми соғылуы сияқты ауыр жарақаттармен ауруханаға жатқызылды, - дейді Дмитрий Растихин.
Былтыр тіркелген үш оқиғаның үшеуі де Петропавлда болған, үш жағдайда да 3 жасар бала жоғары қабаттан құлап кетіп, ауыр жарақаттанды.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында үй аралап, ата-аналармен кездесулер, балабақша мен мектептерде түсіндіру шараларын қолға алған.
- Терезеден құлау жағдайлары көбіне баланың қараусыз қалуы мен москит торына сүйеніп отыру салдарынан болады. Тор бала салмағына шыдамайды. Баланы ешқашан жалғыз қалдырмаңыз, терезеге арнайы фиксаторлар мен блокираторлар орнатыңыз, терезе маңына жиһаз қоймаңыз – бұл балалардың терезеге шығуын жеңілдетеді. Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз, - дейді Дмитрий Растихин.
Ал, Қызылорда облысында былтыр 17 бала терезеден құлап кеткен.