СҚО-да 3 жасқа дейінгі балаларды оңалту орталығы ашылады

оңалту
Фото: Самұрық-Қазына қоры

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан перинаталды орталық жанынан 3 жасқа дейінгі балаларды оңалтуға арналған орталық ашылады.

Бұл туралы облыстық перинаталдық орталықтың жұмысымен танысқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов айтты.

Ерте араласу орталығы деп аталатын бұл мекеме бүгінде қолданысқа беруге дайын тұр.

Мұнда орталық жүйке жүйесінің туабіткен ақаулары, сондай-ақ тірек-қимыл аппаратының зақымдануы бар, мерзімінен бұрын туған 3 жасқа дейінгі балалар соңғы технологияларды қолдану арқылы оңалтудан өтеді.

Орталықта жатып емделуге 15 орын бар. Күндізгі стационарда жыл сайын 360 бала оңалтудан өтеді. 

«Орталықты күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөлінді, ал „Самұрық-Қазына“ АҚ, „Қазақстан халқы“ және „Қамқорлық“ қорларының қолдауымен қажетті құрал-жабдықтар алынды. Әр баланың жеке жоспары болады. Көмекті невропатолог, реабилитолог, педиатр, невролог, эрготерапевт, психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, дефектолог мен логопед мамандары көрсетеді. Сонымен қатар, „Қамқорлық“ бастамасы аясында облыстық балалар ауруханасында оңалту орталығын жаңғырту жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеуге және оңалту қызметтерінің қолжетімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балаларды оңалту орталығы тайынша ауданында да ашылмақ.

Қазір «Қамқорлық» қорымен бірге эскиздік жобасы әзірленіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар