СҚО-да 33,4 млн теңгеге модульді үш ветеринария бекеті сатып алынады
СҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Болыспаевтің айтуынша, былтыр өңірдің ветеринария қызметінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға 85,4 млн теңге бөлінді. Облыс бюджетінен бөлінген 21 млн теңгеге модульді 3 ветеринарлық бекет алынды.
Биыл осы мақсатқа 33,4 млн теңге бөлінбек.
«Бұл қаражатқа модульді 3 ветеринарлық бекет алынады. Үй жануарларын жаппай өңдеуге болатын 93 қондырғы алынады. Жоспар бойынша 31 мал қорымы салынбақ.
Жалпы облыста қазір 351 мал қорымы бар. Жылда жоспар жасалады. Соңғы үш жылда 41 мал қорымы жаңадан салынды, 37-сі жаңартылды және 6 инсинератор алынды», - дейді Олжас Болыспаев.
СҚО-да биыл 5 млн 110 мың үй жануары мен құсқа аса қауіпті ауруларға қарсы профилактикалық екпе салынады. Бұл жұмыстар 6 ақпаннан бері өңірде басталып кетті.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды іске асыру аясында 600-ге жуық қаңғыбас ит пен мысықты чиптеу, вакциналау және стерилизация бойынша іс-шаралар жүргізу жоспарланып отыр.
Осы жылы ветеринар мамандардың еңбекақысы да 50% өспек. Нәтижесінде орташа еңбекақы 276 мың теңгеге жетпекші. Бұдан басқа өткен жылдан бері екі лауазымдық еңбекақы мөлшерінде сауықтыру өтемақысы төлене бастаған.