СҚО-да 38 жүргізуші көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан жол-көлік оқиғасы орнынан 38 жүргізуші қашып кетсе, солардың 24-ін полицейлер анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да  38 жүргізуші көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Караванная көшесінде «Audi» көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағының алдында тоқтаған. Артында қатты келе жатқан «Toyota Alphard» автокөлігі соқтығысудан қашқанымен, алдындағы машинаны іліп әкеткен. Жауапкершіліктен қашып, жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалды. Ал «Audi» көлігінің жолаушысы медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болады.

Тәртіп сақшыларына апатты жасаған жүргізушіні анықтау оңайға соқпады. Бейнежазбада жүргізушінің нөмірлік белгісін көру мүмкін болмаған, тек көліктің РФ тіркелгені анықталды. 12 наурыз күні «Toyota» көлігінің 33 жастағы жүргізушісі ұсталды. Әкімшілік өндірісті қамтамасыз ету үшін оның көлігінің нөмірлік белгілері алынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы, яғни жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін және жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалғаны үшін материалдар жинастырылды. Аталған материал енді сотқа жолданады. Жүргізушіге айыппұлдар салынып, ол көлік басқару құқығынан 1 жылға дейін айырылуы мүмкін.

«Заңнама талаптарына сәйкес зардап шегушiні медициналық мекемеге өтіп бара жатқан көлікпен жеткізу мүмкін болмаған жағдайда, көмек көрсету үшін жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалуға рұқсат етіледі. Басқа көліктердің өтуін қамтамасыз ету үшін ғана соқтығысқан көлікті қозғауға болады. Тек апатқа қатысы бар заттардың және көлік құралдарының бастапқы орналасқан орнын түсіріп алу қажет», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жыл басынан СҚО-да жүргізушілер жол-көлік оқиғасы орнынан 38 рет кетіп қалған. Қазіргі уақытта 24 факті ашылды. Оның сегізінде адамдар зардап шеккен.