СҚО-да 4 күдікті сібір елігін атып, мүшелеп жатқан жерінен ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында сібір елігін заңсыз аулаған 4 күдікті оқиға орнында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, заңсыз аң атты деп күдікке ілінгендер тұрғындардың қырағылығы арқасында қолға түсті. Полицияға қоңырау соққан тұрғын Қызылжар ауданы Жалтыр көлінің маңында «Kia Sorento» жол талғамайтын көлігін мінгендер жануарларды мүшелеп жатқанын жеткізген.
Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы жетіп, төрт ер адамды ұстады. Олар екі сібір елігін атып алып, мүшелеп жатқан жерінен қолға түсті. Тексеру барысында полиция қызметкерлері екі пышақ, Вепрь маркалы карабиндер, тегіс ұңғылы мылтық пен патрондарды тәркіледі.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 337-бабының 4-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптамалар тағайындалды. Істің мән-жайын жан-жақты зерделеу мақсатында тиісті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданбақ.