СҚО-да 4 күнде көшеде түнде мас жүрген 8 жасөспірім анықталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 9-12 наурыз аралығында «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жастардың ықтимал жиналу орындарына күшейтілген рейдтер өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті бюаспасөз қызметінің мәліметінше, 4 күнде полицейлер кәмелетке толмағандардың ата-анасының еріп жүруінсіз түнде үйден тыс жерде болуының 110 фактісін тіркеді, оның 16-сы Петропавл қаласы бойынша.
Көшеде мас жүрген 8 жасөспірім анықталды, 4-уі - облыс орталығының тұрғыны. Құқық бұзушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қолайсыз отбасылар да назардан тыс қалмай, тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Петропавлда ювеналды полицейлер 60-тан астам мекен-жайға барды. Осындай үй-үйді аралау нәтижесінде алкогольді асыра пайдаланатын әйел және қаңғыбас 3 жасөспірім есепке алынды. Солардың біріне анасының өзі шара қолдануды өтінді. 16 жастағы жасөспірім үйден бірнеше рет өз еркімен кетіп қалған.
«Енді онымен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, құқық бұзушылықтар қайталанған жағдайда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның отырысына материал жиналуы мүмкін. Сондай-ақ, іс-шара аясында полиция қызметкерлері мектептерге сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарына қатысу үшін келді. Олар қауіпсіз мінез-құлық ережелері туралы айтып, заңдылықты бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілікті еске салды», — дейді Петропавл қ. ПБ ЖПҚ бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Оңалбек Әбдікәрімов.
Іс-шара барысында барлығы 176 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуде міндеттерді орындамағаны үшін 46 заңды өкіл жауапқа тартылды.