СҚО-да 4 млн теңгенің гербициді ұрланған
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ұрылар шаруашылықтардың бірінен 4 млн теңгенің гербицидін ұрлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл ауданындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен 1200 литр гербицид пен астық орайтын 5 полиэтилен орама жоғалды. Шығын мөлшері 4 млн теңгеден асты. Белгісіз біреулер гербицид сақталған қоймаға қабырғасындағы қаңылтырды майыстырып енген.

СҚО-да қазір орақ науқанында астықтың, жанар-жағармайдың, гербицид пен ауыл шаруашылық техникасы қосалқы бөлшектерінің ұрлығына жол бермеуге және ашуға бағытталған «Астық» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осы іс-шара барысында күдіктілер анықталды. Олар: 2001 және 1997 жылдары туған ЖШС-тің екі жұмысшысы мен олардың 22 жастағы танысы болып шықты. Аталған дерек «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Полицейлердің айтуынша, ұрлық көктемнен басталған және бірнеше рет жасалған. Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Ұрланған заттардың бір бөлігі қайтарылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
«СҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің меншігі мен астығын қорғауға баса назар аударылады. Полицияның жеке құрамы егін егу және орақ науқаны кездерінде диқаншыларға жан жақты көмек көрсетуі тиіс. Криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері облыс аудандарында шаруашылықтардағы қауіпсіздік қызметтерімен тығыз жұмыс істеуде. Бірлесіп әрекет етудің алгоритмі де оң жолға қойылған. Бұрын жасалған қылмыстарды да назарда ұстаймыз. Тәжірибе көрсеткендей, ұрлықтың барлығы уақыт өте келе ашылады», - дейді Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
«Астық» жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы облыста диқаншылардың мүлкіне қол сұғумен байланысты 5 қылмыс тіркелді. Жалпы шығын көлемі 4,5 миллион теңгені құрады. Барлық қылмыстар ашылды.