СҚО-да 4 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында акция басталғалы 4115 адам шетелдік тіркеудегі көлігін заңдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жалғасуда. Акция осы жылдың 1 шілдесіне дейін жоспарланған.
Әкімшілік полиция қызметкерлері заңдастыру шарттарын түсіндіру бойынша жаппай ақпараттық науқан өткізді. Нәтижесінде бұл жұмыс бірқалыпты, толқулар мен түсініспеушіліктерсіз өтіп жатыр. Күрделі жағдайлар жекелей шешіледі. Облыс тұрғындары «жедел желі» - 8 (7152) 32-00-22, 8 (7152) 32-00-19 телефондары бойынша толық кеңес ала алады.

«Ауыр жүк көлігін заңдастыруға қатысты сұрақ көп түсуде. Естеріңізге сала кетейік, максималды рұқсат етілген салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктері заңдастыруға жатпайды. Олар жалпы негізде алғашқы тіркеуден өтуі тиіс. Яғни мемлекеттік баж және утилизациялық алымды төлейді. Сондай-ақ көлік «Еуро-4» экологиялық класына сәйкес келуі керек», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Мамандардың айтуынша, М1, М1G, М2, М2G, N1, N1G санатындағы, оның ішінде рулі оң жақта орналасқан көлік құралдары заңдастыруға жатады.
Ал қылмыстық, кедендік тазартудан өтпеген көлік құралдары, 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін елге әкелінген көлік құралдары, сондай-ақ бұрынғы мемлекетте тіркеуде тұрған автокөліктер заңдастырылмайды.
Акция басталғалы бері СҚО-да 4115 адам өз көліктерін заңдастырып үлгерді.