СҚО-да 40 ауылды ұялы байланыссыз қалдыра жаздаған ұрылар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - СҚО тəртіп сақшылары Мәмлүт ауданында ұялы байланыс орталықтарынан аккумуляторларды жымқырған екі ұрыны қолға түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СҚО-да 40 ауылды ұялы байланыссыз қалдыра жаздаған ұрылар ұсталды

Ведомствоның хабарлауынша, Мәмлүт ауданының ІІБ-не ұялы байланыс бойынша компаниялардың бірінің инженері шағымданып, Воскресеновка ауылындағы ұялы байланыс орталығынан 8 аккумулятордың жоғалғанын хабарлаған. Келтірілген шығын жарты миллион теңгеге жуықтаған. Бірақ, ең қиыны күздің қара суығында Жамбыл, Мәмлүт және Есіл аудандарының 40-қа жуық ауылға ұялы байланыссыз қалу қаупі туындаған.

«Ұрлық жасалған орынға құқық қорғаушылар бірден жетіп, барлық бейнебақылау камералары тексерілді. Куәгерлерден жауап алынды. Бейнебақылау камераларындағы жазбаны тексере келе күдікті көлікке тәртіп сақшылары назар аударды. Көп ұзамай 1992 және 1989 жылғы екі азамат ұсталды», - деп хабарлайды ведомстводан.

Қазіргі уақытта күдіктілер өзіне тағылған айыппен келісіп, аккумуляторларды Петропавл қаласында сатып жібергенін мойындаған. Тергеу барысында бұл ұрлыққа Қызылжар ауданының тағы бір тұрғынының қатысы бары анықталып отыр. Ұсталғандардың бірі Қызылжар ауданындағы Элитное ауылында тағы да ұрлық жасағанын, бұрын ұялы байланыс саласында жұмыс істегендіктен, операторға хабарласып, дабылды қалай өшірудің жолын білгенін айтқан. Қазіргі уақытта күдіктілердің өзге де қылмыстарға бар-жоғы анықталу үстінде.