СҚО-да 40-тан астам инженер, қорықшылардың жұмыс орны бос тұр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының орман шаруашылықтарында кадр жетіспеушілігі бар, негізінен инженерлер, қорықшылар, орман шеберлері және орманшы-инспекторлар сияқты 40-тан астам маманның орны бос тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО-ның орман шаруашылықтарында қазіргі уақытта 600-ге жуық адам еңбек етеді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ведомстволық мекемелерінде штат толық болуы үшін әлі 40-тан астам маман қажет.
«Негізінен инженерлер, орман-шеберлері, орман инспекторлары сияқты мамандар жетіспейді. Өңірде бізге қажет мамандарды екі кәсіби оқу орны даярлайды, олар: М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Ж.Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі.

Мамандарды жұмысқа тарту үшін басқармада кешенді іс-шаралар қолға алынған. Орманшы кәсібінің мәртебесін арттырып, жастарды орман саласына тарту үшін оқу орындарында және өнеркәсіпте болашақ мамандармен кездесулер өткізіліп тұрады. Оқу орындарымен келісім аясында өндірістік тәжірибелер өткізіледі. Мемлекеттік мекемелердің өкілдері үнемі бос орындар жәрмеңкесіне қатысады», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының статистигі Сәуле Сүлейменова.
Орман шаруашылықтарының жанынан мектеп орманшылықтары құрылған. Жыл сайын «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 300-ден астам жас орман тәлімбақтарында еңбек етеді, ормандары шірігін ағаштардан, қоқыстан тазартады. Жабайы аңдарға қыста азық болуы үшін бұтақ әзірлейді.

«Қазір орман шаруашылықтарындағы мамандардың орта жасы – 50. Сондықтан бізге ертең олардың орнын басатын жас мамандар керек. Жұмысқа келген жастарға қасына тәжірибелі, еңбек өтілі жоғары тәлімгерді бекітеміз. Ол бар білгенін үйретеді.
Ал орман шаруашылығында еңбек еткісі келетін жастарға қоятын талабымыз – табиғатты жақсы көру, орманды күтіп-баптауға жауапкершіліктің, браконьерлермен күресу үшін батылдық пен табандылықтың болуы», - дейді Сәуле Сүлейменова.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта орман мекемелері қажетті техникамен де, қондырғылармен де толық қамтылған.