СҚО-да 400-ге жуық адамға спирттік ішімдік ішуге тыйым салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында үш ай ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 21 қылмыс тіркелді.

СҚО-да 400-ге жуық адамға спирттік ішімдік ішуге тыйым салынды
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл - өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 жағдайға көп. Оның 16-сы – денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу фактілері. Былтырғы маусым айынан ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты қылмыстар саны өсіп отыр.

Дегенмен, жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, жалпы тұрмыстық құқықбұзушылықтар саны азайған. Биылғы бірінші тоқсанда 660 құқықбұзушылық тіркелді, бұл өткен жылғыдан шамамен 100 дерекке аз.

- Биыл 910 қорғау нұсқамасы шығарылды. Ішкі істер органдарының өтінішхаты бойынша, құқық бұзушылардың мінез-құлқына 376 ерекше талаптар белгіленді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 12 әйел арнайы орталыққа орналастырылды, - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы Қорғанбек Жүсіпов.

Полиция қызметкерлерінің ұсынысы бойынша облыс соттары 400-ге жуық құқықбұзушыға ерекше талап қойып, спирттік ішімдік ішуге тыйым салды.

Құқық қорғау органдары есепке алынған отбасыларды тұрақты түрде тексеріп, тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жұмыс жүргізеді.

Бұған дейін Петропавлда полицейлерден жасырынбақ болған жігіттің қайтыс болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар