СҚО-да 43 жетім бала пәтер кезегінен негізсіз алынған

бала
Фото: pexels.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар құқықтарының өрескел бұзылғандығын анықтады.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, қадағалаушы орган жергілікті атқарушы органдарды тексерді.

Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімдігінің лауазымды тұлғалары «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының талаптарын бұза отырып, тұрғын үйге 2010 жылдан бері кезекте тұрған 43 жетім баланы тұрғын үй кезегінен негізсіз алып тастаған.

Ал, Ақжар ауданы мен Петропавл қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдары Заңның 71-бабының талаптарына қайшы 3 ай бойы 6 жетім баланы тұрғын үй кезегіне қоймаған.

Айыртау, Ақжар, Аққайың, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, М.Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласындағы балалардың қамқоршылары «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 126-бабын бұза отырып, қамқорлығындағылардың тәрбиесі мен күтіп-бағу туралы жүйелі негізде есеп бермеген.

Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев аудандарының қорғаншылық және қамқоршылық органдары кәмелетке толмағандардың пайдасына заңды өкілдерден алименттерді мәжбүрлеп өндіріп алуды бақылау шараларын жүргізбеген.

Прокуратураның актілері бойынша 8 лауазымды тұлға, оның ішінде аудандық білім бөлімінің 2 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтар жойылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік туды.

Бұған дейін СҚО-да қадағалаушы органның актілерін елемеген лауазымды тұлғалардың жазаланғанын айтқан едік.

 

Соңғы жаңалықтар