СҚО-да 4,5 мың адам қаржылық сауатын арттыру үшін курстан өтеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр басталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы ұйымдастырушылар Петропавлдың және тағы үш ауданның тұрғындарын қамтымақ.

«AMANAT» партиясы СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба борышкерлердің санын азайтып, халықтың қарыз жүктемесін төмендетуге бағытталған. Қаржыны дұрыс жаратуды білмегендіктен, бейберекет несие ала бергендіктен тұрғындардың арасында қиын жағдайға тап болғандар жетерлік. Жобаның мақсаты – осындай жандарды анықтап, оларға көмек беру.
«Халықтың басым көпшілігі аса қажеті жоқ тауарлар мен қызметтерді де несиеге рәсімдейді екен. Мәселен былтыр бағдарлама басталған кезде біз өз несиелері туралы айтқысы келмейтін жандармен кездесу өткіздік. Оның арасында 18 несиесі бар, қарызға белшеден батқан азаматқа көмектестік. Кредитін 18-ден 2-ге дейін оңтайландырдық. Бір сөзбен айтқанда, жоба өз нәтижесін береді», - дейді қаржылық сауаттылық жөніндегі сарапшы, тренер Дмитрий Шледевиц.
Бұл жолы 4,5 мың адам Петропавлда және Айыртау, Есіл және Мамлют аудандарында курстан өтеді.
Өткен жылы оқу курсы аясында несие бойынша берешегі бар 30-дан астам азамат заң көмегін алды. Қазір жұмыспен қамту орталығында әлеуметтік қызметкерлер білімдерін жетілдіріп жатыр. Халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандар курс барысында қаржылық сауаттылықты арттырып қана қоймай, алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын да үйренеді.
«Қарызсыз қоғам» жобасы желтоқсан айына дейін жалғасады. Былтыр 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық оқу курсынан өтті.