СҚО-да 450-ден астам қоқыс полигоны болса, соның 12-сінің ғана құжаты түгел

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеп тұрған 454 тұрмыстық қалдықтар полигонының 12-сінің ғана тиісті құжаттары бар. Кейбірінің тіпті жер актісі де жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да 450-ден астам қоқыс полигоны болса, соның 12-сінің ғана құжаты түгел

СҚО экология департаменті Азамат Бектасовтың айтуынша, өңірдегі қатты қалдықтарды орналастыру полигондарының 335-інде жер актілері ресімделген, 119-ында жер актісі жоқ. Бүгінгі таңда 12 полигон ғана рұқсат құжаттамасына ие. Алайда, олардың өзі экологиялық заңнама талаптарын орындай бермейді. Солардың бірі – Петропавлдағы «Қызылжар Тазалық» ЖШС. Кәсіпорынға 250 мың теңге шамасында айыппұл салынды.

«Сонымен қатар, жеке тұлға Н. Алексеенконың СҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жолдаған өтініші негізінде Тайынша ауданы Миронов ауылдық округі әкімдігіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар заң бұзушылық анықталды. Сот қаулысымен лауазымды тұлға, Миронов ауылдық округі әкімі жалпы сомасы 2 496 345 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді Азамат Бектасов.

Экологтің айтуынша, заңсыз пайда болған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын анықтап, жою бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Былтыр СҚО-да осындай 363 орын анықталса, биыл 233-і табылды. Соның ішінде 167 полигон рұқсатсыз ашылған, 63-і белгіленген шекарадан асып кеткен, тағы үшеуін еріктілер анықтаған.

«Бүгінде қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың 213 орны жойылды, бұл – 91%. Қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын жою және тиісті шаралар қабылдау мақсатында жергілікті әкімдіктерге және СҚО полиция департаментіне хат жолданды. Рұқсат етілмеген жерге қоқыс қалдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 5 адам тартылды, оларға жалпы сомасы 153 150 теңге айыппұл салынды», - дейді Азамат Бектасов.

Айта кетсек, Астанада белгіленбеген жерге қоқыс төккен 600-ден астам жүргізушіге айыппұл салынған.