СҚО-да 459 медициналық қызметкер үстемеақы алды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында СОVID-19 вирусымен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне наурыз айы үшін үстемеақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде эпидемияға қарсы шараларға қатысқан 459 медициналық қызметкер еңбекақысына қосымша үстемеақы алды. Бірінші айда төленген қаражаттың жалпы сомасы – 43,9 млн теңге.
«Қазіргі жағдайда медициналық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында қолға алынған шара. Мұндай төлемдер сәуірде де жасалады. Бұл ақша Міндетті медициналық сақтандыру қорының резервінен беріледі. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 4 сәуір 2020 жылғы бұйрығына сәйкес коронавируспен күреске жұмылдырылған медициналық қызметкерлерді қаржылай қолдау мақсатында төленді», - дейді Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Мейрамбек Ахметов.
Төлемдер нақты жұмыс істеген уақытына байланысты, коронавирус инфекциясымен тікелей жұмыс істейтін үш қауіп тобына сәйкес жүргізіледі.
«1-топ - «Өте жоғары қауіп». Бұл топқа жататындарға 850 мың теңге үстемеақы беріледі. Екінші тәуекел тобы үшін 425 мың теңге, ал үшіншіге қарайтындарға ең төменгі 5 еңбекақы мөлшерінде беріледі. Бұл жерде әр медициналық қызметкердің нақты жұмыс істеген уақыты есепке алынды. Наурыз айында облыста бірінші сырқат қашан анықталды, сол күннен бастап төлем жүргізілді», - дейді Мейрамбек Ахметов.
Қазір облыста 459 медициналық қызметкер қауіпті індетпен күреске жұмылдырылған. Қажет болған жағдайда олардың саны артуы мүмкін. Қосымша төлемдер жедел жәрдем қызметкерлеріне, сондай-ақ блокпосттардағы карантин режимін қамтамасыз ететін медициналық қызметкерлерге де төленбек.