СҚО-да 460 мыңға жуық тұрғыны бар 140 елді мекенге газ жетеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Сары-Арқа» магистральды газ құбырының құрылысыы жоспарланғандай 2025 жылы емес, келер жылы басталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да 460 мыңға жуық тұрғыны бар 140 елді мекенге газ жетеді

СҚО Ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында «Сары-Арқа» газ құбырының құрылысы жоспар бойынша ІІІ кезеңге қалдырылған еді. Яғни көгілдір отын Петропавлға тек 2025-2026 жылдары ғана жетуі тиіс болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл мерзім алға жылжытылды.

«Қазіргі уақытта СҚО аумағында газ құбырының құрылысын 2021-2022 жылдарға ауыстыру мәселесі қаралып жатыр. «Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Петропавл» учаскесінде «Сары-Арқа» магистральды газ құбыры құрылысының ІІ және ІІІ кезеңі» жобасының техникалық-экономикалық негізіне түзету енгізілді. Құжат мемлекеттік сараптамада жатыр. Жобаны қаржыландыру мәселесі қаралуда», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Жобаға түзету енгізу барысында «Сары-Арқа» магистральды газ құбырын тартудың ең оңтайлы бағыты таңдалды. СҚО-да ол республикалық автомобиль жолы бойымен жүргізіледі. Нәтижесінде Тайынша, Аққайың және Қызылжар аудандарын қамтиды.

Облысқа газ беру 457 мың тұрғыны бар 140 елдімекеннің әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсартпақ. Жеке тұрғын үйлердің 75 мыңы көгілдір отынға көшетіндіктен өңірдің экологиялық жағдайы жақсармақ. Экономиканың дамуына, соның ішінде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға сеп болады.