СҚО-да 5 шілдеден бастап карантин шектеулері күшейтіледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Өңірдің «сары» аймаққа өтуіне байланысты карантин шектеулері күшейтіледі, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бас мемлекеттік санитария дәрігері Әсет Жұматаевтың жаңа қаулысы 5 шілде күшіне енеді.

Шектеулер мектепке дейінгі мекемелерді қамтиды. Балабақшаларда бала санын 25-тен асырмай кезекші топтар жұмыс істемек.

Ұйымдар мен кеңсе қызметкерлерінің 50% қашықтан жұмыс істеуге міндетті. Ал қызметкерлері COVID-19-ға қарсы вакцина алған мекемелер әдеттегідей жұмысын жалғастырады. Сонымен бірге, COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алған және соңғы 6 айда COVID-19-дан айыққан барлық қызметкерлерге толық жұмыс күнінде еңбек етуге рұқсат етіледі.

Діни нысандар ұжымдық діни іс-шараларды ашық аспан астында, маска режимін сақтап, 4 метр әлеуметтік ара қашықтықты ескере отырып қана өткізе алады.

Мейрамхана, дәмхана және қоғамдық тамақтану орындары сағат 7.00-ден 24.00-ге дейін, бірақ толымдығын 50 %-дан және 50 орыннан асырмай жұмыс істей алады. Осы тәртіппен жазғы алаңдар да жұмыс істемек. Ал асхана типті қоғамдық тамақтану орындарына тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат бар.

Қоғамдық моншалар, сауналар жеке кабинасыз және жексенбіден басқа күндері жұмысын жалғастырады.

Ал, бильярдтардың, компьютер клубтарының, боулингтердің, балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының, аквапарктердің, банкет залдарының, түнгі және ойын клубтарының, караокелердің жұмысына уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ бұқаралық, еске алу шараларын өткізуге рұқсат жоқ.

Бұған дейін СҚО-да коронавирус жұқтырғандар санының артқанын айтқан едік.



Соңғы жаңалықтар