СҚО-да 5 жылда 14 млрд теңгеге екі мыңнан астам медициналық қондырғы алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы балалар ауруханасында бүгін заманауи компьютерлік томограф іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да 5 жылда 14 млрд теңгеге екі мыңнан астам медициналық қондырғы алынды

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов балалар ауруханасында болып, жаңа қондырғының жұмысын көрді.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғындар компьютерлік томографияның жетіспейтінін, ұзын-сонар кезек мәселесін көтерген болатын. Біз бұл мәселені біртіндеп шешіп келеміз. 2017 жылдан бастап томографтардың саны 4-тен 8-ге дейін ұлғайтылды.

Бүгін балалар ауруханасында жаңа компьютерлік томография іске қосылды. Жуырда Петропавл қалалық көпсалалы ауруханада тағы бір КТ кабинеті ашылады. Қолданыстағы аппараттарды 1-ші қалалық аурухана мен Мүсірепов аудандық ауруханасына жібердік», - деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы бес жыл бойы өңірдің емдеу мекемелері заманауи медициналық жабдықтармен толығып жатыр. Осы аралықта бұл мақсатқа 14 млрд теңге бөлінді. 2 мыңнан астам қондырғы алынды.

«Ангиограф, маммограф, УЗИ, рентген аппараттарының тапшылығы мәселесі облыста толығымен шешілді. Ауруханалар мен емханаларды стандарт бойынша жабдықтауға бізге 4 УЗИ аппараты керек еді. Өткен жылы эксперт класты 11 УЗИ аппараты сатып алынып, мәселе шешілді», - деді СҚО әкімі.