СҚО-да 52 медициналық ұйым ӘМСҚ аясында қызмет көрсетеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы биыл 52 медициналық мекемемен жалпы сомасы 70,9 млрд теңгеге шарт жасады. 

МӘМС
Фото: uralskweek.kz

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, медициналық ұйымдарға 25,2 млрд теңгеден астам сома төленген. 2024 жылдың қаңтар айы үшін 47 жеткізушіге 3,2 млрд теңгеге төлем жасалды.

«Бірінші кезекте төлем гемодиализ орталықтарының, перзентхана бөлімшелерінің, жоғары технологиялық медициналық көмектің, жедел жәрдемнің, қан орталықтарының, консультациялық-диагностикалық көмектің және туберкулез, психикалық денсаулық бағыттарының қызметтері үшін жасалды. Осылайша, бүгінгі таңда медициналық ұйымдардың 96%-ы жылдың бірінші айы үшін төлем алды. Ал, ақпан айы үшін төлемдер маусым айының басынан бастап жүргізіле бастайды», - дейді Айнагүл Давлетчина.

Қор медициналық ақпараттық жүйелерді жаңарту кезеңінде клиникалардың қаржылық тұрақтылығын қолдау үшін медициналық ұйымдарға берілетін аванс мөлшерін 70%-ға дейін арттырған еді. Шарт жасалған медициналық ұйымдардың барлығымен кездесулер өткізілді. Оларға цифрландыру процесінің ерекшеліктері, қосымша аванстық өтінімдер беру мүмкіндіктері және азаматтарға үздіксіз медициналық көмек көрсету қажеттілігі түсіндірілді.

Естеріңізге салайық, бұған дейін СҚО биыл дәрі-дәрмек сатып алуға 9,3 млрд теңге жұмсауды жоспарлағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар