СҚО-да 57 мектеп директорының орны бос тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінде мұғалімдер жетіспейді.

СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, ауыл мектептерінде педагогтердің жетіспеушілігі өзекті мәселе. Қазіргі уақытта 164 маманның және 57 директордың орны бос тұр. Бұл — көші-қонмен және жергілікті жерлердегі инфрақұрылымдық мәселелермен байланысты.
— Мұғалімдер ауылдық жерлерге көшуі үшін барлық қолдау шаралары қолға алынған. Былтыр 85 ұстаз тұрғын үй сатып алуға/салуға бюджеттік несие алды, тағы 462 мұғалім көтерме жәрдемақы алды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының кейбірі келген ұстаздарға барынша жайлы жағдай жасап, әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп жатыр. Бұл тәжірибе әсіресе М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, Айыртау және Қызылжар аудандарында жақсы жолға қойылған. Мәселені шешуге аудан әкімдері де ат салысуы тиіс, — дейді Жүсіп Жұмағұлов.
СҚО-да қазақ мектептерінің үлесі де тым төмен. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде қазір 444 мектеп бар болса, соның 27%, яғни 107 мектеп қазақ тілінде оқытады. Жалпы облыстағы оқушылардың әр төртіншісі ғана — 18 мың бала қазақ тілінде білім алып жатыр. Былтыр орыс тілді 7 мектепте қазақ сыныптары ашылды. Биыл қазақ сыныптарының санын 30% жеткізу жоспарланған.
Бұған дейін Петропавлда 16 елден 170-ке жуық шетелдік жоғары білім алып жатқанын жаздық.