СҚО-да 6 шетелдік азамат елден қуылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 145 шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО-да 6 шетелдік азамат елден қуылды

СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының ұйымдастыруымен 18-20 ақпан күндері аралығында «Шетелдік» жедел профилактикалық шарасы өтті.

«Оның барысында базарлар, транзиттік автокөліктер, сондай-ақ шетелдіктер тығыз орналасқан аудандар тексерілді. Үш күн бойы өткізілген рейдтің нәтижесінде көші-қон полицейлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтап, 145 шетел азаматын жауапкершілікке тартты», - делінген баспасөз хабарламасында.

145 шетелдіктің 138-іне Әкімшілік кодекстің 517-бабы («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша айып тағылды. Сондай-ақ сот шешімімен ел аумағынан 6 шетелдік шығарылды.

СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Талғат Әбіловтің айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 518-бабына сәйкес шетелдiктердің болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамаған 57 қазақстандық жауапкершілікке тартылды. Сол сияқты шетелдіктердің жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін еліміздің 6 азаматы жазаланды.

Хабарламада айтылғандай, жалпы СҚО-да жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 376 шетел азаматы жауапқа тартылып, оның 17-і сот шешімімен ел аумағынан шығарылды.