СҚО-да 600-ден астам мұғалім коронавирусқа қарсы екпе алды
СҚО білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова IV тоқсандағы оқуға қатысты түсінік берді. Гүлмира Райынбекқызының айтуынша, облыста ІІІ тоқсанды қашықтықтан 14 466 оқушы, дәстүрлі және аралас форматта 59 320 оқушы немесе 80 %-ы аяқтаған.
«СҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 300-ге дейін оқушысы бар мектептер сыныптағы оқушы санын 25-тен асырмай, штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Қалған оқушылар оқытудың аралас форматына көшеді. Яғни алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, қазақ, орыс, шет тілдері сияқты негізгі пәндердің 70 %-ы мектепте, ал көркем еңбек, өзін-өзі тану, қоғам және дін, бастапқы әскери дайындық, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, графика және жобалау, факультативтер қашықтан оқытылады», - дейді Гүлмира Кәрімова.
Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында бір сынып – бір кабинетте оқиды. Мектептерде асхана жұмыс істейді.
«Мектептерде балалар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін барлық тиісті іс-шара қолға алынған. Төрт деңгейлі дезинфекциялық фильтрден өтеді. Бұдан басқа кабинеттер белгілі бір уақыттан кейін желдетіліп, жуып-тазаланады. Қазір өңір «жасыл аймақта». Жағдай ушығып, ауыратындар көбейетін болса, оқу форматын өзгертеміз. Ата-аналарға айтарым, балаларға мектеп формасын кигізудің қажеті жоқ. Таза, классикалық үлгідегі киіммен сабаққа келуге болады», - дейді басқарма басшысы.
Қазір мектеп мұғалімдері вакцинациядан өтіп жатыр. Бүгінге дейін 609 ұстаз коронавирусқа қарсы екпе алды.