СҚО-да 61 адам өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізу құқығынан айырыла тұра, рульге қайта отырған 72 жүргізуші ұсталып, олардың 61-і көлік басқару мүмкіндігінен өмір бойына айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда патрульдік полицейлер Труд көшесінде «ВАЗ 2114» автокөлігін тоқтатқан. Тексеріс барысында 33 жастағы жүргізушінің бұрын мас күйде ұсталғаны үшін 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Медициналық куәландыру оның бұл жолы да мас болғанын көрсетті.
Көлік салонында жолаушы болған. Ер адамдар ортақ таныстарымен ішімдік ішкен болып шықты.
Аталған факті «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Бұндай жағдайлар жиі кездеседі. Петропавл мен М. Жұмабаев ауданында 30 қаңтардан бастап осыған ұқсас тағы екі факті анықталды. Заң талаптарын елемеуге жол берілмейді. Патрульдік полицейлер осындай фактілерді анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Былтыр полицейлер жүргізу құқығынынан айырылған 72 мас жүргізушіні қайта ұстап, сотқа материалдар тапсырған. 65-іне сот үкімі шықты. Төртеуінің үш жыл мерзімге жүргізу құқығы шектелді, өйткені олар жаза қатаңдатылғанға дейін заң бұзған. 61 жүргізуші өмір бойына жүргізу құқығынан айырылды.