СҚО-да 7 айда 900-ге жуық адамға травматологиялық ота жасалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жасалған травматологиялық отаның жалпы құны — 287 млн теңгеден асты.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының мәліметінше, операциялардың 461-і ересектерге, 408-і 18 жасқа дейінгі балаларға жасалған.
Ересек науқастарға жүргізілген операциялардың басым бөлігі облыстың медициналық ұйымдарында орындалған. Соның ішінде көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында ересек пациенттерге 376 ота жасалған.
Балаларға жасалған 408 операцияның 404-і көпбейінді облыстық балалар ауруханасында орындалған.
— Травматологиялық оталар МӘМС аясында жедел және жоспарлы түрде жүргізіледі. Пациенттерге көрсетілетін медициналық көмек олардың денсаулық жағдайына және медициналық көрсетілімдерге байланысты ұйымдастырылады, — дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Талғатбек Тілеубердин.
Травматология-ортопедия саласындағы күрделі әрі қымбат операциялардың қатарында жамбас және тізе буындарын алмастыру оталары бар. Биылғы жылдың 7 айында көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында мұндай 9 операция жасалған.
Оның 7-еуі жамбас буынын, 2-еуі тізе буынын алмастыруға қатысты. Бұл операцияларға МӘМС арқылы жалпы 14 млн 280 мың теңге жұмсалды.
Жалпы 869 операцияның ішінде сынықтар мен орын ауыстыруларды репозициялау, яғни қалпына келтіруге қатысты 171 ота жасалған. Сонымен қатар жіліншік сүйектерінің ішкі фиксациясымен ашық репозициялау бойынша 49 операция және сүйектерге бұрын орнатылған фиксаторларды алып тастау бойынша 64 ота орындалған.
Маманның айтуынша, МӘМС жүйесі аясында жасалатын оталар сақтандырылған азаматтарға қолжетімді. Биыл жасалған операциялардың орташа құны шамамен 330 мың теңге.
Былтыр травматология бейіні бойынша СҚО-да 1 622 операция жасалған. Оларға МӘМС аясында 591 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Бұған дейін Қызылордада мойын омыртқасына алғаш рет күрделі ота жасалғанын жазған едік.