СҚО-да 7 мың шақырым жолдың бір мың шақырымын қыста қар басып қалады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қыста жергілікті маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Жұмысты 3 ұйым атқармақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімдігінде жолдардың, оларды тазалап, қарды шығарумен айналысатын ұйымдардың қысқа әзірлігі пысықталды.
Облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, бұл жауапты жұмысқа өңір дайын.
Ал қыста жолдарды қардан уақтылы ашу үшін биыл 1 млрд теңге бөлінді.
«Қыста жолдарды қардан тазартатын үш ұйым бекітілді. Олар 13 ауданға қызмет көрсетеді.Техникалары сақадай сай, жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстауға 240-қа жуық адам, 114 техника тартылады. Бұл – нормаға сай. Бұдан басқа басқарманың балансында ҚР ТЖМ мемлекеттік материалдық резервінен алынған екі арнайы техника шнекоротор бар», - дейді басқарма басшысы.
СҚО-да жергілікті маңызы бар автожолдар желісі 7000 км асады.
Оның 863 км жылда қар басады, бұл 266 учаскені жолшылар бақылауда ұстайды.
Қар құрсауында қалатын жолдардың басым бөлігі Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Жамбыл аудандарында.
«Жылда Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында тәулік бойы облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Қар басқан учаскелер туралы ақпарат түскен жағдайда оған жауапты ұйымның техникасы жіберіледі. Былтыр боранға қатысты жолдар 8 рет жабылды. Бұл оның алдындағы қыспен салыстырғанда 5 есе аз. 2020-2021 жылы қыс қатты болып, жолды 41 рет жабуға тура келді, 12 рет дауылды ескерту жарияланды», - дейді Мақсат Баяхмет.
Қыста жолда қалғандарға өңірде 150 орынға арналған 6 жылыту пункті жұмыс істемек.