СҚО-да 74 жастағы зейнеткер мас болып көлік айдағаны үшін 5 жылға сотталуы мүмкін
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 74 жастағы ер адам үш ай өтпей көлікті қайта мас күйде басқарып ұсталды. Енді зейнеткер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында учаскелік полиция инспекторы тексеру мақсатымен «Ssang Yong» автокөлігін тоқтатқан.
Полиция қызметкеріне көлікті басқарып келе жатқан 74 жастағы жергілікті тұрғын жақсы таныс.
Ол биыл қаңтар айында мас күйінде көлік тізгіндегені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Көлік иесі бұдан сабақ алмаған.
Сот шешімін елемеген одан ішімдіктің иісі шығып тұрған.
Медициналық куәландыру оның қайтадан орташа мас күйде көлік жүргізгендігін көрсетті. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
«Баптың санкциясы 5 мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салудан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді, сондай-ақ заң бұзушы өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады. Автокөлік айып тұрағына қойылды», - дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.
Жыл басынан облыс жолдарында көлік басқару құқығынан айырылған 10 мас жүргізуші ұсталды.