СҚО-да 800 млн теңгеге жөнделген жол екі жылға жетпей шұрқ тесілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Әділдікті талап ет» акциясының қорытындысы шықты. Іс-шараны ұйымдастырушылар өңірдің жол құрылысы саласында көптеген олқылық бар екенін және қомақты бюджет қаражаты желге ұшқанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Петропавлдағы Антикор орталығында өткен жиынға «Әділдікті талап ет» акциясының ұйымдастырушысы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері және мүдделі мемлекеттік мекемелердің мамандары қатысты.
«Әділдік жолы» РҚБ өңірлік филиалының басшысы Айнагүл Нұрахметованың айтуынша, жұмыс барысында жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және автожол саласындағы проблемаларға баса назар аударылған.
«Анықталған олқылықтарды бірнеше топқа бөлдік. Соның бірі – жол құрылысының барлық кезеңінде материалдардың сапасы мен технологиялардың сақталуына қатысты.
Мәселен, 2019-2020 жылдары аудандық маңызы бар жол – Асаново елді мекеніне кіреберіс 800 млн теңгеден астам қаражатқа орташа жөнделді. Бірақ екі жыл өтпей жатып жолға қайта жөндеу қажет. Бұл жерден жүк көлігі өтпейді, өйткені ауылда ірі кәсіпорындар жоқ. Ал жолды салған компанияның кепілдік мерзімі биыл қазан айында аяқталмақ», - дейді Айнагүл Нұрахметова.
Екінші тобы басқарудың тиімділігімен байланысты.
«Қазір жол жөндеу бойынша сатып алуды мемлекеттік мекемелер ұйымдастырып, тапсырыс береді. Ал олардың штатында автожол саласында білімі бар мамандар жоқ. Мысалы, Лебяжье елді мекеніндегі көше жолдарын жөндеу конкурсын негізгі қызметі «мамандандырылмаған дүкендердегі бөлшек сауда» және «автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеумен» айналысатын кәсіпкер жеңіп алған. Оның жол салуда және жөндеуде тәжірибесі жоқ, бірақ бұл конкурста жеңіске жетуге кедергі болмаған. Салдарынан елді мекендегі жол төсемесінің әр жерде бір жұрнағы ғана қалған», - дейді Айнагүл Нұрахметова.
Айтуынша, бұл автожол саласындағы түйіткілдердің толық тізбесі емес.
«Автожол саласының дамуына нысандарды тапсыру мерзімдерін бірнеше рет кейінге шегеру әсер етеді, бұл инфляция аясында жобалардың қымбаттауына әкеп соғады. Себептерін көрсетпей, Мамлют ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі төрт рет «Айя – Сервис» ЖШС-мен жасаған шарт мерзімін ұзартқан. Фирма аудандық маңызы бар «Қызыләскер-Раздольное 17 км» автомобиль жолын орташа жөндеуі тиіс. Ақжар ауданының «Бостандық-Киевское» жолы да осы себеппен мерзімінде жөнделіп бітпей жатыр. Былтыр желтоқсан айының басында келісімшарт жасалғанымен, кейін келісімшарт мерзімі төрт рет ұзартылды. Бүгінде 57 шақырымның жетеуі ғана жөнделді», - дейді Айнагүл Нұрахметова.
Қоғамдық бірлестік басшысының айтуынша, автожол саласындағы проблемалар салалық та, салааралық да сипатқа ие. Олар ұзақ қаржыландыру мерзімімен, жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылау кезінде жеткілікті деңгейде жауапкершіліктің болмауымен, құрылыстың, жөндеудің барысын технологиялық қадағалаудың, пайдаланудың кепілдік мерзімі кезеңінде бақылау жүйесінің және басқа да бірқатар себептермен байланысты.