СҚО-да 9 мыңнан астам адам алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жазаланды
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 9 мыңнан астам адам алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір мыңға жуық адам көлікті мас күйінде тізгіндеп, ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов өткен он айды қорытындылады. Профилактикалық жұмыс нәтижесінде қылмыс саны 21 % азайған. Десек те жол қауіпсіздігі мәселесі өңірде өткір тұр. Жыл басынан бері облыс жолдарында 327 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 39 адам мерт болып, 463-і жарақаттанды.
«Жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету, маневр жасау кезінде ережені ескермеу – жол-көлік оқиғаларының басты себептері. Көлік жүргізушілерінде тәртіп жоқ, барлық тіркелген жол апаттарының 91,1% солардың кінәсінен болған.
Жол ережесін бұзғаны үшін 58 мыңнан астам адам жазаланды. Олардың жартысына жуығы өрескел заң бұзушылықтарға жол берген», - дейді Айдын Қабдұлдинов.
Көлікті мас күйде басқарған 991 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Жол жүрісі қағидаларын жаяу жүргіншілер, рөлге масаң күйде отырғандар және жылдамдық режимін асырғандар бұзады. Бұл үшеуі жолдағы адам өліміне әкелудің негізгі факторы болып отыр», - дейді ведомство бастығы.
СҚО-да соңғы он айдың ішінде мас күйде жасалатын қылмыстардың саны 6,1% азайған. Десек те осы аралықта 9 мыңнан астам адам алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жазаланған. Оның ішінде 82-сі алкогольді сату талаптарын бұзғаны және 237-сі спирттік ішімдіктерді заңсыз сатқаны үшін айыппұл төлеген. Айналымнан лицензиясы жоқ 8 мың литрге жуық арақ-шарап алынды.
Жалпы қазіргі уақытта СҚО-да маскүнем ретінде 3 мыңнан астам адам профилактикалық есепте тұр. Биыл 193 маскүнем мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.