СҚО-да адам папилломасы вирусына қарсы 1,1 мың қызға вакцина егілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 568 әйел жатыр мойны қатерлі ісігімен диспансерлік есепте тұр. Обырдың алдын алуға болады. Адам папилломасы вирусына қарсы екпе жүргізетін елдерде, мамандардың айтуынша, рактың осы түрінен болатын өлім-жітім және сырқаттанушылық 90% кеміген. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, Қазақстанда әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар арасында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.
«Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырының 5 жаңа жағдайы тіркеледі, екі әйел күн сайын осы аурудан қайтыс болады. Біздің облысты алсақ, 2023 жылы жатыр мойны обыры диагнозымен есепке жаңадан 52 әйел, 2024 жылы 9 айда 49 әйел алынды. Қазіргі уақытта есепте 568 әйел тұр. Жыл басынан бері 11 адам қайтыс болды. Бүгінгі таңда адам папилломасы вирусынан ем жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация», - дейді Әсет Жұматаев.
Адам папилломасы вирусы адамның ауыз қуысы мен жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін вирустардың 200-ден астам түрі.
«Жұқпалы ауру тұрмыстық жолмен, жыныстық қатынас арқылы, тіпті туу жолдары арқылы өту кезінде анадан балаға беріледі. Қырыну немесе эпиляция кезінде де адам папилломасы вирусы дененің бір аймағынан екіншісіне ауысуы мүмкін. Ал вирустың онкогендік түрлері денеде қалып қойса, бұл әртүрлі органдардың қатерлі ісігіне әкеледі. Ең алдымен - жатыр мойны обырына», - дейді департамент басшысы.
Маманның айтуынша, адам папилломавирусына қарсы вакцина әйелдердің репродуктивті функциясына әсер етпейді және бедеулікті тудырмайды, бұл әлемнің дамыған елдерінде клиникалық зерттеулерден дәлелденді.
Әзірге СҚО бойынша 1126 қыз, соның ішінде 11 жастағы - 491, 12-13 жастағы 635 қыз егілді.
Бұған дейін СҚО-да жыл басынан бері 260 адам скарлатина жұқтырғанын жазған едік.