СҚО-да адасып кеткен 5 жасар баланы полицейлер үйіне қайтарды
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылаған бүлдіршінді полиция патрулі Тайынша елдімекенінің айналма жолында байқап қалған. Бала өзін Владикпін деп таныстырыпты. Айтуынша, қыдыруға шығып, адасып кеткен.
Патрульді полиция батальонының қызметкерлері кезекші бөлімге хабарласып, адасқан бүлдіршінді учаскелік инспекторға тапсырды. Көлікке отырғызып, Тайынша көшелерін аралау барысында бала өз үйіне апарар жолды көрсетті. Владик өзін іздей бастаған әке-шешесімен аман-есен қауышты.
«Мұндай жағдайлар анда-санда болып тұрады. Сол себепті ата-аналарды кішкентай балаларына мұқият қарау қажеттігін тағы бір мәрте ескерткім келеді. Ал инспектор адасып кеткен бүлдіршіннің анасымен профилактикалық әңгіме жүргізді», - дейді Тайынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.