СҚО-да акция аясында музей ғимараты қызыл түспен жарықтандырылмақ
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы туберкулезге қарсы халықаралық акцияға қатысып, тарихи-өлкетану ғимараты бір сағатқа қызыл түспен жарықтандырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 ақпаннан республикада туберкулезге қарсы айлық өтіп жатыр. Бұл іс-шара 24 наурызда атап өтілетін «Бүкіләлемдік туберкулезге қарсы күрес күніне» орайластырылған. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын жақсартуды мақсат еткен айлық биыл «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» ұранымен өтіп жатыр.
Облыста қауіпті аурудың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шара жоспарланған. Соның бірі – 11 және 18 наурызда өтетін ашық есік күні. Тұрғындар СҚО фтизиопульмонология орталығының консультативті-диагностика бөлімінде флюрографиялық зерттеуден өтіп, фтизиатр-дәрігердің кеңесін ала алады. Сондай-ақ бұл күндері анализдер тапсыруға да мүмкіндік бар.
Соңғы жеті жылдан бері Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен 24 наурызда «Әлемді туберкулезден жарықтандыр» атты халықаралық кампания ұйымдастырылып келеді. Акция барысында қалалардағы көрнекі ғимараттар қызыл түспен жарықтандырылады. Мақсат – туберкулезбен күреске шақыру, қауіпті дертке жұртшылықтың назарын аудару.
Петропавл халықаралық акцияға 2000 жылы алғаш рет қатысты. Содан бері Абылай хан резиденциясы музей-кешені, облыстық бейнелеу өнері музейі, астрофизикалық обсерватория, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қызыл түспен жарықтандырылды.
Биыл 24 наурызда СҚО тарихи-өлкетану музейі акцияға қатысады. Тұрғындар сағат 20.00 мен 21.00 аралығында ғимараттың қызыл түспен жарықтандырылғанын көре алады.