СҚО-да әкімшілік соттың сұрауын аяқасты еткен 7 мемқызметші айыппұл төледі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 375 талап-арыз түссе, соның әр бесіншісінде екі жақ мәмілеге келіп тарқасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде бір жыл ішіндегі сот төрелігін іске асырудың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Серікбол Сапарғалиевтің айтуынша, былтыр мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 375 іс түскен. Соның 111-і бойынша шешім шығарылды, соның 80-інде талап қанағаттандырылды.
«Жаңадан құрылған сотта қаралған алғашқы іс ауыл әкіміне үміткерден түсті. Сайлау комиссиясы оның кандидатурасын тіркеуден алып тастаған. «Сайлау туралы» заңның талаптарына сәйкес Қызылжар аудандық соты оны сол күні қарап, азаматтың талабын қанағаттандырды. Сайлау комиссиясы сот үкімін сол күні орындап, азаматтың ауыл әкіміне кандидаттығы қалпына келтірілді.
Бұдан басқа кәсіпкерлік субъектілеріне салық, әкімшілік органдар жүргізген тексерістердің заңсыз жүргізілгені туралы сот үкімдері шықты. Кейбірі мораторий енгізілгеніне қарамастан тексерістер жүргізген», - дейді Серікбол Сапарғалиев.
Сот алқасы төрағасының айтуынша, сот орындаушыларының әрекетіне арызданатындар көп.
«Сот орындаушысы борышкердің дүние-мүлкін сауда-саттыққа шығарып, үлестес тұлғаларға өте арзан бағаға сатқан. Сот орындаушысының әрекеті заңсыз деп танылды. Жалпы былтыр 375 талап арыз түссе, соның әр бесіншісі екі тараптың мәмілеге келуімен аяқталды. Талапкердің өтінішімен 24 арыз қайтарылды. Бұл да соттың нәтижелі жұмысының жемісі. Әдетте мұндайда талапкер өзінің қателескенін біліп талабын қайтарып алады немесе жауап беруші жіберген қателігін дұрыстауға іс-шара қолданады», - дейді Серікбол Сапарғалиев.
Ал соттың сұрауына уақытында жауап бермеген 7 мемлекеттік қызметшіге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Олардың ішінде Қызылжар ауданының әкімі, Петропавл қалалық әкімдігінің бөлім басшысы, қызметкері және Қызылжар, Тайынша ауданы бөлімдерінің басшылары бар. Әкімшілік жазаға тартылғандардың тағы екеуі – сот орындаушылары.