СҚО-да ақпан айында МӘМС-ке 500 млн теңге аударым жасалды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ақпан айында 500 млн теңге төлем жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ӘМСҚ» СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, ел бойынша МӘМС-ке 44,7 млрд теңге жарна мен аударым түскен. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда шамамен 10 млрд теңгеге артық.
Қаңтар айындағыдай ақпанда да жарналардың басым бөлігі, яғни 24,5 млрд теңгесі мемлекет тарапынан түскен. Еске салайық, МӘМС аясында мемлекет әлеуметтік осал 15 санатқа кіретін азаматтар үшін жарна төлейді.
Жұмыс берушілерден түскен аударымның мөлшері 13,5 млрд теңгеге жуық. Ал қалған азаматтардың жарналары 6,7 млрд теңге құраған.
СҚО бойынша жұмыс берушілер жасаған аударымның үлесі қаңтар айында 231 млн теңге болса, ақпанда 198 млн теңгені құрады. Қалған азаматтардың жарнасы осы айда 167,6 млн теңгеге жетсе, қаңтарда небары 33,4 млн теңге болған.
МӘМС-ке келіп түскен барлық қаражат сенімгерлік басқару шарты бойынша Ұлттық банкте сақталады. Бұл ақша міндетті медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтерді төлеуге жұмсалады.