СҚО-да ақпандағы ауа райы көпжылдық көрсеткіштен жылы болмақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жиырма күнге жуық тұрған аяз сынып, күн ептеп жылына бастады. Синоптиктердің болжамынша, ақпан айында табиғат тосын мінез танытпайды.

дорога, жол, ауа райы, погода, снег, қар, пешеход, зебра, самокат
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, алдағы айда өңірде ауа температурасы климаттық норма деп есептелетін –13,8…–15,7 градустан сәл жоғары болады. Ақпандағы орташа ауа температурасы –12,0…–13,7 градус шамасында қалыптасады. Бұл көпжылдық көрсеткіштен 1 градусқа жоғары.

Бірінші онкүндікте түнгі ауа температурасы –8…–13 градустан –15…–20 градусқа дейін төмендейді. Күндіз 0…–5 градустан –7…–12 градусқа дейін салқындайды. Онкүндіктің соңына қарай аяз күшеюі мүмкін, түнде –20…–25 градус, ал күндіз –13…–18 градус болады деп болжанып отыр.

Екінші онкүндіктің басында ауа температурасы құбылмалы болады. Түнде –15…–20 градустан –5…–10 градусқа дейін, күндіз 0…–5 градустан –10…–15 градусқа дейін ауытқуы мүмкін.

Айдың үшінші онкүндігінде түнгі ауа температурасы –14…–19 градустан –8…–13 градусқа дейін, ал күндіз –6…–11 градустан 0…–5 градусқа дейін өзгереді.

Айлық жауын-шашын мөлшері климаттық норма - 11–21 мм шамасында болмақ, кей жерлерде нормадан көп түсуі ықтимал. Ай бойы екпіні 15–20 м/с дейінгі қатты жел жиі соғып, қар жаууы, кей күндері боран болуы мүмкін. Сондай-ақ ай ішінде тұман түсуі ықтимал.

Бұған дейін Қазақстанның барлық өңірі бойынша ауа райына байланысты ескерту жарияланғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар