СҚО-да алауыздық күдігімен ұсталған ер адам полиция қызметкеріне тап берді

шабуыл
Фото: видеодан алынған кадр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында діни алауыздықты қоздыру фактісі бойынша ұсталған күдікті енді полиция қызметкеріне жұдырық ала жүгіргені үшін де жауап бермек.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары интернет-кеңістікке мониторинг жүргізу барысында діни алауыздықты қоздыру белгілері бар материалды анықтаған.

Оны Есіл ауданының тұрғыны жариялағаны белгілі болды. 

Қазіргі уақытта осы дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу әрекеттері барысында аудан орталығының тұрғыны мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді.

Тәртіп сақшылары тексеру мақсатымен ер адамнан iPhone14 маркалы ұялы телефонын беруді сұрады.

Бірақ жергілікті тұрғын олардың заңды талабын елемей, құрылғыны сындырмақ болған. 

Полицейлер бұған жол бермеді, бірақ ер адам қызметкерлердің бірінің бетінен ұрған.  

«Күдікті ұсталды. Оған қатысты алауыздықты қоздыру және билік өкіліне күш көрсету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Денсаулыққа келтірілген зиянның дәрежесін сараптама көрсетеді», — деді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Бұған дейін СҚО-да қарақшылық шабуыл жасап, адамды өлтірген айыпталушылардың дәлелдің жоқтығынан ақталғанын жазған едік.  

Соңғы жаңалықтар
telegram