СҚО-да алаяқ 16 эпизод бойынша сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қазақстан қалаларында, негізінен Петропавлда, шын мәнінде жоқ пәтерлерді «жалға беріп келген» Алматы облысының 33 жастағы тұрғыны сотталды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары алаяқты былтыр қолға түсірген. Ер адам пәтерлердің фотосуреттерін интернеттен алып, танымал сайттарда хабарландырулар орналастырған. Хабарласқан әр клиентке пәтерді әлдебіреулер сұрап қойғанын айтып сендірген, алайда алдын ала төлем жасалса, жалға беруге келісетінін айтқан.
Бұл үшін ол 5 мыңнан 45 мың теңгеге дейін төлем жасауды талап еткен, ал ақша қолына тиген соң, алданған адамның нөмірін бұғаттап, байланысқа шығуды тоқтатқан.
Полицейлер істі жан-жақты тергеп, 16 эпизод бойынша сотқа жіберді. Қазіргі уақытта алаяқ шартты түрде төрт жылға сотталды.
Полицейлер қашықтан сауда жасарда адамдарды мұқият болуға шақырады. Егер сатушының әрекетіне сенімді болмасаңыз, интернетте тауарлар мен қызметтер туралы хабарландырулар бойынша алдын-ала төлем жасауға келіспеңіз.
Жалпы былтыр СҚО-да 756 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді, оның 180-нен астамы тегін хабарландыру сервистері және әлеуметтік желілер арқылы тауарлар мен қызметтерді сатумен байланысты.
Бұған дейін СҚО-да банк шотын біреулерге пайдалануға берген тұрғын енді келтірілген шығынды өзі өтейтіндігін жазған едік.