СҚО-да әлеуметтік желі арқылы жақсы тұрмысын көрсеткен жігіт қылмыскерлердің назарына іліккен

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда қылмыстық топ құрып, қорқыту, ұрып-соғу, біреудің мүлкін тартып алумен айналысқан төрт жігітке сот үкімі шықты.

СҚО ПД баспасөз қызметі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Петропавлдың білім ордаларында профилактикалық кездесу өткізген. Осындай іс-шара барысында жедел уәкілдерге бопсалауға ұшыраған 18 жастағы студент жүгініп, көмек сұраған. Бір топ жігіт осы жылдың қаңтар-ақпан айларында колледж оқушысының соңына түсіп, ақша талап еткен.

Жәбірленуші 18 жастағы жігіт өз өміріндегі болып жатқанның барлығын әлеуметтік желіге жүктеп отырған. Оның жақсы тұрмысы қылмыскерлердің де назарын аударған.

Нәтижесінде облыс орталығының 20 мен 23 жас аралығындағы төрт тұрғынын полицейлер ұстады. Олардың үшеуі бұрын сотталған. Жедел ақпаратқа сәйкес, олар жәбірленушіні жалдамалы пәтерлерге заңсыз жолмен қамап қою арқылы ақша талап еткен, психологиялық қысым мен күш көрсеткен. Жәбірленушіге мобильді қосымшалар арқылы мәжбүрлі түрде несие алғызған. Сондай-ақ жігіт өзінің соңғы үлгідегі iPhone маркалы ұялы телефонын 50 мың теңгеге сатып, ақшаны бопсалаушыларға берген. Кезекті рет ақша алмақ болған жігіттер жәбірленушінің тұрғылықты мекенжайына келгенде, ол үйінде болмай шыққан. Жастар жалдамалы пәтерге кіріп, 70 мың теңге ақша мен гаджеттерді қуаттауға арналған аккумуляторды ұрлап кеткен. Келтірілген шығын – 400 мың теңгеден асады. Бұдан бөлек, олардың мас күйде басқа да қылмыстар жасағаны анықталып, ол да сотта қаралды.

Петропавл қалалық соты ұсталған төрт адамның үшеуін 8, 6, 4 жылға бас бостандығынан айырды, ал біреуіне 4 жылға шартты түрде жаза кесті.

Бұған дейін Жамбыл облысында үш адамды алдап, 19 миллион теңгесін иемденген интернет-алаяқ ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар