СҚО-да алимент берешегі 846 млн теңгеге жетті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында алимент бойынша берешек мөлшері бір жылда 300 млн теңгеге өсті.

Алимент
Коллаж: Kazinform

Жеке сот орындаушыларының полиция қызметкерлерімен бірлескен рейді барысында алимент бойынша ірі мөлшерде қарызы бар ер адам тоқтатылды. Көлігі бірден айып тұрағына жөнелтілді. Нәтижесінде борышкер небәрі бір сағат ішінде бір млн теңге қарызын толық өтеп, балаларына берешектен құтылды.

СҚО жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының мәліметінше, қазір өңірдегі алимент төлеушілердің жалпы қарызы 846 млн теңгеге жеткен.

Ал алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің саны бүгінде 500-ден асқан. Олар белгіленген төлемдерді мүлдем төлемейді.

Мамандар берешектің артуына бірнеше фактор әсер етіп отырғанын атап өтті.

Негізгісі - өңірде ажырасулар санының артуы. Бұған қоса, Қазақстандағы орташа айлық жалақының өсуі де берешек мөлшерінің өсуіне ықпал етеді. Себебі алимент бойынша қарыз жұмыс істемейтін немесе табысын растамаған борышкерлерге есептелген кезде елдегі орташа айлық жалақы мөлшері негізге алынады.

Десек те, сот орындаушылары осы жылдың сегіз айында алимент бойынша 205 млн теңге қарызды өндіріп алған.

- Алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты шаралар да күшейтілді. Жыл басынан бері жеті борышкер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы «балаларды немесе еңбекке қабілетсіз ата-аналар мен жұбайын күтіп-бағуға арналған қаражатты (алиментті) төлеу жөніндегі міндеттерді орындамаудан жалтару» бойынша сотталды, - дейді жеке сот орындаушылар.

СҚО-да атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, ата-аналарын асырауға алимент өндіріп алу бойынша 10 атқарушылық іс жүргізу бар. Бұл істер бойынша қазіргі таңда берешек жоқ.

Бұған дейін алимент бойынша берешегі 5 млн теңгеден асқан байқоңырлық қамауға алынғанын жазған едік.