СҚО-да алимент төлеуден жалтарған 14 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Солтүстік Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген 160 адам бар, олардың жалпы қарызы 250 млн теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО
Фото: Kazinform

СҚО прокуратурасының мәліметінше, алимент төлемдерін өндіріп алу және алиментті қасақана төлемейтін борышкерлерді Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселелері жөнінде ведомствоаралық кеңес өтті. Жиынға қадағалаушы орган өкілдерінен бөлек сот орындаушылары мен тергеушілер қатысып, өзара іс-қимылды талқылады. 

Іс-шарада сот орындаушылардың ұсыныстарды дайындау сапасы, оларды енгізудің негізділігі және қылмыстық істер бойынша тергеушілер қабылдаған процессуалдық шешімдерінің заңдылығы мәселелері талқыланды. 

Өңірде бұл мәселе өзекті. Қазіргі уақытта СҚО-да қасақана алимент төлемей жүрген 160 адам бар. Олардың жалпы қарызы - 246,9 млн теңге. Борышкерлердің 14-і қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 11 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

Прокурорлар бұған дейін тоқтатылған 55 қылмыстық істің заңдылығын қарап, нәтижесінде 4 қылмыстық іс бойынша заңсыз процестік шешім жойылды. Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарды дұрыс жібермегені үшін 5 сот орындаушысы әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Талқылау нәтижесі бойынша сот актілерін орындауға, мемлекеттік және уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын арттыруға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қасақана алимент төлемеушілерді жазаға тартуға бағытталған бірлескен іс-шаралар әзірленді, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.