СҚО-да алқабилер қылмыстық істі екі рет қарап, екіншісінде қылмыскерлерге жаза кесілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бұған дейін алқабилер ақтаған екі қылмыскердің ісі қайта қаралды. Алқабилердің жаңа құрамы қарақшылық шабуыл жасаған, кісі өлтірген екі жасөспірімді 12 жылға бас бостандығынан айырды.

Преступление Қылмыс задержания ұсталды МВД РК ҚР ІІМ полиция
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

СҚО сотының мәліметінше, бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен И. және Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Жасөспірімдерге қарақшылық шабуыл жасау, қарақшылықпен ұштасқан кісі өлтіру, ұрлық жасау айыптары тағылған. 

Бұған дейін 16 тамызда СҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұған дейін алқабилердің қатысуымен шешілген ақтау үкімінің күшін жойып, қылмыстық істі соттың өзге құрамында қарауына жолдады

Сотталғандар И. мен Б. 2023 жылдың 21 желтоқсанында СҚО М. Жұмабаев ауданының Медвежка ауылында болып, алдын ала сөз байласып, ақша ұрлау мақсатында М. дегеннің үйінің ауласына кіріп, қарақшылық шабуыл кезінде оны өлтірді. Кейін олар үй иесінің 150 мың теңгесін қалтаға басқан. 

2023 жылдың ақпанында И. әжесінің үйінде болған кезде оның 2 млн теңге ақшасын ұрлап кеткен. 

2024 жылдың наурыз айында И. досы Л.-ның үйінен оның 69 мың теңгесін қолды еткен. 

Прокурор қылмыстар жиынтығы бойынша сотталушыларға 12 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындауды сұрады. 

Сотталушылар мен олардың қорғаушылары ақтау үкімін сұрады.

Нәтижесінде сот алқабилердің қатысуымен И. мен Б.-ні 12 жылға бас бостандығынан айырды. Олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа кәмелетке толмағандарды ұстау мекемесінде өтейді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Бұған дейін СҚО прокурорлары ветеринариялық қауіпсіздік саласында заң бұзушылықтарды анықтағанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар